Сенек қорымы — дәстүрлі сәулет өнері ескерткіштері, 19 — 20 ғасырларда салынған.
Сенек қорымы Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек ауылынан шығысқа қарай Хорезмге баратын ескі керуен жолының бойына орналасқан.
Қорым құрылысы
Екі қорымнан тұрады. Біріншісіне (ауданы 1,5 га) 3 күмбезді гөрхана, 31 сағанатам және бір-бірден құлпытас пен көктас, екіншісіне (ауданы 1 га) 2 күмбезді гөрхана 20-ға жуық сағанатам мен құлпытас кіреді. Бұл ескерткіштер ішінен 1900 жылы белгілі шеберлер Дүтбай Жандәулетұлы мен Нұрнияз Ізбасарұлы тұрғызған Нұрберген Қалышұлының гөрханасы ерекше көзге түседі. Гөрхананың құрылымы шаршы пішінді (5,0*5,5 м) тұғыр мен цилиндр мойындыққа орнатылған шатырлы күмбездің өзара үйлесуіне негізделген. Оңтүстік-батыс жағындағы басты кіреберіс қасбетінің жақтауы шығыңқы келген, есіктің жоғ. жағы дөңгелек тұмаршамен өрнектелген, ал кіреберіс ойығы жазық пештақпен көмкерілген. Алдыңғы бетінің және ішкі қабырғаларының оюлары көгеріс өрнек (гүлдер, желектер, гүл түйнектері), зооморфтық (түйетабан, қос мүйіз, сыңар мүйіз), геом. (дөңгелектер, үшбұрыштар, шаршы торлар) және космогон. (ирек өрнек) нақыштарға құрылған. Екінші қорымдағы 1785 жылы тұрғызылған Бекқұл Жантөриннің гөрханасы — жатаған шағын құрылыс әрі Сенек қорымының архитектура негізі болып табылады