Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы (орыс. Музей изобразительных искусств имени семьи Невзоровых) — Семей қаласының әйгілі мұражайы. Қазақстандағы бейнелеу өнерінің ең қомақты жинақтарына кіретін осы нысанның негізі 1985 жылы қаланған.
Музей ғимараттары 1870 жылдары салынған және қаланың жергілікті маңызына кіретін ескерткіші болып саналады.
Атауы Невзоровтар жанұясының коллекциясына байланысты. 1988 жылы Юлий Владимирович Невзоров және оның жұбайы Антонина Михайловна мен қызы Юлия Юльевна мұражайға 500-ден астам өнер туындысын сыйға тартты. Арасында кеңестік, орыс және шетел суреттері мен гравюралары болды. 1990 жылы Мәскеудегі А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнерінің мемлекеттік мұражайы Батыс Еуропадан келген бірнеше туындыны сыйлады. 1991 жылы музей Невзоровтардың есімімен аталды.
Бүгінгі таңда мұнда 3600-ден астам өнер туындысы сақталады. Авторлардың ішінде Салихитдин Айтбаев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Сергей Калмыков, Әбілхан Қастеев, Леонид Леонтьев, Евгений Сидоркин, Абрам Черкасский т. б.[1]