Абылай хан резиденциясы – Солтүстік Қазақстан облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген қала құрылысы және сәулет ескерткіші.
Орналасқан жері
Петропавл қаласында орналасқан Абылай ханның мұражайлық кешені. 2008 жылы 21 тамызда резиденция Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.
Абылайдың ақ үйі
Абылайдың ақ үйі, Абылайдың ордасы – Абылай ханның Петропавл қаласындағы ордасы, тарихи ескерткіш. Қазақстанның солтүстік аймағын отарлау басталған кезде Есіл өзені жағасында орналасқан Қызылжар қыратында 1752 жылы әулие Пётр бекінісінің құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде елдердің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың орнығуына әсерін тигізді. Осыған байланысты казактардың дала тұрғындарына тиісіп, қазақтардан мал тартып әкетуі және жер учаскелерін басып алуы тәрізді мәселелерді талқылау үшін ханның арнайы ордасы қасында осындайқұрылыс салу қажеттігі туындады. Мұрағаттық материалдардың мәліметтері бойынша, «Оның, Абылайдың, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Пётрдің бекінісі жанынан оның келіп тұруы үшін 1765 жылы ағаш үй салынды» «Енқыстау (қыстауға арналған кең жазық)» сонымен, «Абылайдың ақ үйі» тек қана тұрғын үй үшін емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды. Ғимараттың орналасқан жері туралы әртүрлі пікірлер бар. Оның бекіністен 2–3 шақырым жерде, «тау» етегінде (еңістік жерде) орналасқандығы дәлмедәл анықталды, бұл сол кезде (19-ғасырдың екінші жартысы) қаланың шеті болатын. «Абылайдың ақ үйі» қалада болған өрттің бірінің салдарынан жанып кеткен тәрізді, оның орнына тастан үй салынған, оны халық бұрынғыша «Абылайдың ақ үйі» деп атаған. «Абылайдың ақ үйі» қазақ халқының ұлттық тарихи ескерткіші болып табылады. Абылайдың ақ үйінің құрылысы Абылай хан өмірінің деректерімен және мұрасымен тікелей байланысты. Оған көп уақыт жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегендіктен үй айтарлықтай зиян шеккен. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т.А. Мансұровтың бастамасымен және ҚР Президентінің қолдауымен 2006–2007 жылдар ішінде тарихи-мәдени ескерткіш толық қалпына келтірілетін болады.