Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы — Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық жолына байланысты материалдар жинақталған мәдени мекеме. 1940 ж. 16 қазанда Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай Семей қаласында ашылған.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы — Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық жолына байланысты материалдар жинақталған мәдени мекеме. 1940 ж. 16 қазанда Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай Семей қаласында ашылған. Алғашында қазіргі Абай көшесі, 83-үйде ұйымдастырылды. Ал 1944-67 жылдары қазіргі Комиссар көшесі 132-үйде орналасып, 1967 ж. музейдің экспонаттар қоры көбеюіне байланысты мемлекеттік архитектуралық ескерткіш болып саналатын Ленин көшесі 12-үйге көшірілді. Абай музейі-қорығындағы музей заттарының жалпы саны 22 304 бірлікті құрайды. Оның ішінде негізгі қор -12550 бірлік, ғылыми-қосалқы қор - 9754 бірлік. 11 дербес тақырыптық залдарға орналасқан. «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуені», «Абайдың балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абайдың шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы», «Мультимедиялық зал», «Балалар бөлмесі» бөлімдерінде Абай өміріне байланысты архивтік материалдар, түрлі құжаттар, қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық өмірін бейнелейтін заттар, қол өнері мен бейнелеу өнерінің туындылары, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар т.б. орналыстырылған. Семейдің тарихи-өлкетану музейін ұйымдастыру кезінде Абайдың өз қолымен тапсырған қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін танытатын, салт-дәстүрін дәріптейтін жәдігерлер қойылған. Ақын алақанының табы қалған бұл жәдігерлер 1885 жылы Абай ауылына келген Н.Долгополов арқылы музейге тапсырылып, аса бағалы әрі ғылыми құңдылығы жоғары жәдігер ретінде қазақтың тұрмысын, мәдениетін насихаттауға зор үлес қосып келе жатқанын айырықша атап өтуге болады.Абай тапсырған заттар көшпелі халықтың тұрмысын, шаруа-кәсібін, мәдениетін, өнерін танытатын: ұлттық музыка аспаптары, ертоқым, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, киіз үй жиһаздары, тоғызқұмалақ, ұста саймандары болып бөлінеді. Жәдігерлердің сан алуандығы Абайдың қазақ халқының этнографиясын жан-жақты танытуға ғылыми тұрғыдан қарап, заттарды жүйелі түрде жинақтағанын көрсетеді.

Галерея