Бектау ата тау желісі- Балқаш көлінің бойында орын тепкен. Ең биік шыңы мың метрден асады. Тау көрікті шатқалдарымен, терең құздарымен ерекшеленеді. Өсімдікке бай Бектау ата тауында жануарлар мен құстар да жеткілікті. Өсімдік демекші, олардың 45-ке жуық түрі сирек кездесетіндердің қатарында болса, 8-і Қазақстанның қызыл кітабына енген. Балқаштың айналасын зерттеген ғалым Сарычевтың еңбегінде: «Бектay ата – оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан керуен жолдың бойында тұрған шамшырақ іспеттес. Оның биік төбелерін Балқаштың оң жағалауынан да көруге болады. Осы таудың төменгі тұсында үлкендеу келген үңгір орналасқан. Ол тап-таза тұщы суға толы. Оның деңгейі әрқашан бірқалыпта тұрады. Бұл тылсым жайтты әзірге айтып берер адам жоқ» – деп жазады.