Қараман әулие кесенесі Шетпеден 35 км жерде, Бекі елді мекенінің батыс жағындағы Қандыбас қырқасына таяу жерде, Қандыбас қыстағының батысында 5 км жерде орналасқан. Бұл – Маңғыстаудың ежелгі киелі орындарының бірі. Орыс әскери зерттеушілерінің деректерінде сақталған аңыздарға арқа сүйесек, Шопан атаның бір баласы – Эхсан (Исан ата), одан бір бала – Қараман ата дүниеге келеді. Бала кезіндегі аты ол деректе Қагерман (Қаһарман) деп жазылған. Ал аталып өткен кітапқа түспеген аңызда Қаһарман мен Есен аталар Шопан атаның баласы делінеді, бұлардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігі ғылыми мәселе тарапынан маңызды емес, өйткені екі шежірелік нұсқа да кейінірек туған діни-шежірелік дәстүрдің туындысы болып табылады. Қараман ата кесенесінен Есен ата кесенесі 28 км жерде орналасқан, аңыз бойынша, осы екі нысанның арасын жалғастырған жерасты жолы бар делінеді, бірақ ол анықталмаған.
Қараман есімі – қазақ фольклорында біршама жерде кездеседі, бір аңызда жалғызкөзді Қараман дәу бейнесі бар, ол Есім деген батырдың қолынан қаза тапқан, ал маңғыстаулық түрікпендердің аңызында Қараман есімі Қожа Ахмет Яссауи төңірегіне қатысты әңгімелерінде айтылады. Мұнда Ақман мен Қараман деген екі жігіттің Қожа Ахметке жала жауып, қараламақ болғаны, сол үшін Ахметтің оларды итке айналдырып жібергені, екі иттің Абдал руының адамдарын Түркістаннан Маңғыстауға дейін қуып әкелгені туралы баяндалады. Әрине, осы аңыздар мен нақты Қараман атаның арасында абсолют сәйкестік бар деуге болмайды, тек белгілісі – Қараман ата оғыз-түрікмендердің де олармен замандас негізінен парсы текті діндар уағызшылардың да, тіпті оғыздарға дейінгі «белгісіз маңғыстаулық тайпаның» өкілі болуы әбден мүмкін.
Бір аңызда жалғызкөзді Қараман дәу бейнесі бар, ол Есім деген батырдың қолынан қаза тапқан, «Қобыланды батыр» жырындағы руы Қият делінетін, бірақ Сейілдің ұлы деп аталған Қараман батыр бейнесі сомдалған. Қараман ата туралы аңыздар мен жырдың ауқымы да, оның есімінде «ман» негізінің болуы да сол есімге ие болған кісінің орта ғасыр заманның адамы болу мүмкіндігін көрсетеді. Бұл жағдайда Қараман атаны XIV-XV ғасырларда өмір сүрген кісі деудің қисыны бар. \
Қараман ата маңғыстаулық қазақтар тарихында «Қараман атадағы анттасу» деген оқиғамен белгілі. Осында XIX ғасыр басында қазақтар мен түрікпендер арасындағы дау шешілген. М.Нығметуллаев осы әулиеге жүгініп анттасу туралы тағы бір қарапайым аңыз дерегін келтіреді. Екі елдің анттасуына қарағанда, Қараман ата өзінше бір «әділдік пен ақиқаттың, бейбіт шарттасу мен сөзге кепілдік берудің пірі» болғандығын, яғни функциялық жағынан Митра тәңірімен бірдей екендігін шамалауға болады. Осындай сипаттың астарланған түрін маңғыстаулық түрікмендердің Ақман мен Қараман және Ахмет Яссауи туралы аңыздан көруге болады. Аңызда Ақман мен Қараман деген екі жігіттің Қожа Ахметке жала жауып, қараламақ болғаны, сол үшін Ахметтің оларды итке айналдырып жібергені, екі иттің Абдал руының адамдарын Түркістаннан Маңғыстауға дейін қуып әкелгені туралы баяндалады. Мұндағы кейінгі діни-шежірелік үстеме болып отырған Яссауи образын алып тастаса, «белгілі бір мәселе жөніндегі дауласу, дауды шешу, үкім шығару» сияқты қазылық-билік әрекеттің аңызға өзек болғанын көреміз. Яғни бұл жерде де Қараман есімі «дауласу мен анттасуға» қатысты болып отыр, сондықтан Қараман атаның бітімгерлік қызметі болған деп сенімді түрде айтуға болады.