Үкаша ата мазары – Республикалық маңызы бар ескерткіш, шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уа салләм) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі – Үкаша ата кесенесі, сәулет өнері ескерткіші.
Географиялық орны
Қаратаудың күнгей бетінде, Өгіз тау шатқалы маңындағы қыратта, Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 км жерде.
Алғашқыда тек қабір орны ғана болған. 1940-шы жылдары алғашқы шырақшысы Кәміл қары қабір үстіне ұзындығы 32 метрлік қабірхана тұрғызады, айналасын абаттандырып 5 гектар жерді тас дуалмен қоршап бақ егеді. Қазіргі мазарды 1989-1990 жылдары жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім дәліз, екіншісі ұзынша келген қабірхана бөлмесі. Бөлме 25м, ені 8.6. Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 23 метр.[1]
Кесененің жалпы ұзындығы 16 м, ені 5 м, биіктігі 3,5 – 4 м. Ғимараттың батыс жағында, диаметрі 3,5 – 4 м, биіктігі 4 – 4,5 м болатын шірімейтін қаңылтырдан күмбез тұрғызылған. Негізгі құрылысы тау тастарынан тік төртбұрышты етіп қаланып, сырты ақ және сұр түсті цемент қоспасына қиыршық тас араластырылып сыланған. Кесененің ішіндегі мазардың биіктігі 160 – 170 см, ені 150 см, ұзындығы 12 м-ге жуық (ұзындығының ұзын болуы - Үкаша атаның басын шапқанда, басы 12 метр жерге дейін домалап барған, содан кейін қаны аяқ астына жатпасын деп, қанымен бірге жерлеген). Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар.[2][3]
Үкаша ата құдығы
Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген” дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді. Аңызға жүгінсек, қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Үкаша атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді. Таң намазында басы сәждеге енді барғанда дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар. Себебі, құрбан болған сахабаның басы, сол балбұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті-міс. Бұл – Үкаша атаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек.