Оралхан Бөкейдің музей-үйі жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-тарихи нысан жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында жұмыс істеп тұр.
Әлбетте ауылға кіреберісте сізді Оралхан Бөкейдің бейнесі орнатылған стелла қарсы алады. Онда «Алтайдың асқақ жыршысы – Оралхан Бөкей» деген жазу бедерленген. Ауылдың ортасын қақ жарып өтетін үлкен жол сізді кезінде жазушының әке-шешесі тұрған, кейін музейге айналған тарихи ғимаратқа жеткізеді.
Музей меңгерушісі Динара ханым музей-үйдің қызмет көрсету аясы жазушының өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын сақтап, оны халыққа таныту деп түсіндірді.
Музейдің ауласы бәріміз жазушы жайлы түсірілген бейнесюжеттен белгілі: көліктен түсе сап анасына қарай құстай ұшып, құшағына басқан қаламгер мен оның анасы Күлия апамыз саялаған шоқ шілік, оң жағында қарағайдан қиып салынған ескі сарай, үйге қарай түскен жалғыз аяқ соқпақ жолдың ізі бар.
Музейге айналған үй алғаш рет 2003 жылы, жазушының туғанына 60 жыл толуына орай ашылған екен. Осылайша Катонқарағай ауданы әкімдігінің шешімімен қаламгерді есте сақтау мақсатында жазушының жастық шағы өткен, бау-бақшалы бөрене үй Оралхан Бөкей атындағы музей-үй болып қайта құрылып, жасақталады. Жазушының үлкен әпкесі Шолпан алғашқы директоры болып, 2003-2006 жылдары басқарды.
2006-2014 жылдары қаламгердің бала күннен бірге өскен досы, Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде аудармашы болып жұмыс істеген Аманжан Нұқсарин музей-үйдің директоры болды.
Музей-үйдің интерьерінде 4 бөлме: жазушының жұмыс бөлмесі мен демалыс бөлмесі, ата-анасының бөлмесі, ас үй және веранда бар. Экспозиция бұған дейін музей-үйдің ашылуына орай ауыл тұрғындары жинастырған, сондай-ақ ХХ ғасырдың екінші жартысында үйде болған тарихи-этнографиялык заттармен толықтырылған.