Сүндет күмбезі – Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші, сәулет өнері.
Орналасқан жері
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 68 км, Жем өзенінің сол жақ жағасында орналасқан.
Кезеңі, авторы
XIX ғасырдың екінші жартысы, авторы – халық шебері Дәулетнияз.
Тарихи деректер
Сүндет мазары – орталық күмбезді ерекше архитектуралық жоспары бар құрылыс. Сегіз қырлы қабырғаның үстіне 6 м биіктікте тұрған барабанды күмбез орнатылған. Қабырғалары баспалдақты ірге үстіне тұрғызылған, конструкцияға сәйкес қабырғалары екі қабатты әктас опиталармен жабылып, шой таспен толтырылған. Мазардың сыртқы қырларында кішігірім төртбұрышты ойықтар жасалған, жазық жерлері сұлбалы оюлармен жабылған. Оңтүстік батыс қасбетінің жақтау фризі жайпақ бедерлі түйетабан ою-өрнегімен әшекейленген. Құрылыстың ішкі жағы түрлі-түсті безендірудің жарқындығымен таң қалдырады.
Мазарды бірқатар салттық нысандар қоршап тұр – сандықтастар, жиырма шақты өңделмеген тас қабірүсті дуалдар және алты құлпытас.
Қазіргі уақытқа дейін Сүндет туралы сенімді деректер сақталмаған. Дегенмен, риза болған ұрпақтары алып мазар тұрғызғанына қарағанда, ол халық арасында аса құрметке ие тұлға болғаны белгілі.[1]
Күмбезге құрылыс материалы ретінде Маңғыстауда жиі кездесетін ұлутас қолданылған. Сүндет күмбезі композициясының жинақы әрі беріктігімен ерекшеленеді