Томпақасар қалашығы (б.д.д. V-VI ғғ.- б.д. IV-V ғғ.) – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш, көне қаланың орны.
Орналасқан жері
Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің оңтүстік-батысында 60 км, Алтынасар қалашығынан оңтүстікке қарай 9,8 км жерде орналасқан.
Сипаты
Теңіз деңгейінен биіктігі – 102 м. Ертедегі Томпақасар қаласы үш бөліктен тұрады. Мәдени қабатының аумағы 7-10 м-ге жетеді. Алып жатқан алаңының аумағы 2 га. Зерттеу жұмыстарын 1946-1948 жылдары және 1950 жылы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген.
Томпақасар – тік бұрышты құрылыс. Оның солтүстік бөлігінің қабырғасының биіктігі 10 м. Қазбадан қызыл кірпіш түстес қыш ыдыстар, шағын құмыралар, шыны моншақтар т. б. заттар табылған.
1983-1991 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының (жетекшісі Л.М. Левина) қазба жұмыстары нәтижесінде 40 бөлме мен дуал қабырғалары, кіреберістері аршылды. Зерттеу барысында садақ оғы, керамика өнімдері, әшекей бұйымдар табылған. Үстіңгі құрылыс қабаты б. з. б. III-II ғасырларға жатқызылған. Бөлмелерінің қабырғалары саз-там кірпіштен тұрғызылған. Ішкі құрылымы суфа (тапшан), ошақ және шаруашылық шұңқырлардан тұрады.[1]
Алынған материалдар қоныстың б.д.д. V-VI ғасырлар мен б.д. IV-V ғасырларына дейін өмір сүргенін көрсетеді.[2]